Петропавлда қоғамдық көліктің екі бағыты қысқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 18 қазаннан бастап қоғамдық көліктің екі бағыты қысқартуға ілікпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында қоғамдық көлік жұмысын оңтайландыруға қатысты бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 1 желтоқсаннан бастап автобустарға электронды билет жүйесі енгізілмек.

«Бұл жұмыс жолаушы тасымалдаушылардың жұмысын бақылауда ұстау мақсатында жүргізіліп жатыр. Осылайша олардың нақты табысы белгілі болады және бюджетке түсетін қаржы көлемі ұлғаймақ. Қоғамдық көлік билетінің бағасы өзгеріссіз қалады. Ересектерге - 80 теңге, мектеп оқушыларына - 40 теңге. Ал қолма-қол есеп айырысқан жағдайда жолаушылар 130 теңге төлемек», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Ілиясов.

Электронды билеттер әзірге сатылымға түскен жоқ, жоспар бойынша осы ай соңында 400 теңгеден саудаға шықпақ.

Жолаушы тасымалының сапасын арттыру үшін жыл соңына дейін Петропавлға жаңа автобустар жеткізілмек. Сондай-ақ қоғамдық көлік жұмысын оңтайландыру мақсатында бірнеше бағытты қысқарту жоспарланған.

«№ 19 және № 4м бағыттағы автобустар алынады. Кәсіпорын басшысымен оларды қысқарту жайында бұрыннан сөз қозғалып келеді. Өйткені бұл бағыттарда жүретін жолаушы аз, сол себепті автобус шығару тиімсіз. Жақында олар бізге ресми хат жолдап, 18 қазаннан бастап осы екі бағыт бойынша автобустардың жолға шықпайтынын ескертті», - дейді Бақыт Ілиясов.



Соңғы жаңалықтар