Петропавлда қоғамдық көлік 50 пайызға жаңартылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың қоғамдық көлігі 50 пайызға жаңартылады, алғашқы 7 автобус бүгін пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық автобус паркін жаңарту бойынша жоба жүзеге асып жатыр. Жаңа көліктердің алғашқы легі бүгін рейске шықты.

«Ютонг» маркалі автобустар елімізде құрастырылған. Көліктердің ұзындығы – 8,5 және 10 метр, яғни 51 және 66 жолаушыға шақталған. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа автобустардың ішіне кіріп көрді. Барлық стандарттарға сай келетін бұл көліктер ең бастысы – жылы, солтүстіктің сары аязына төтеп береді. Автобустың салонында 6 жылыту радиаторы бар, кондиционер қойылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус бар.

Сондай-ақ қазіргі таңда аса өзекті – дезинфекциялау жүйесі – ультракүлгін шамдар орнатылған.

Қазір облыс орталығында 200-ден астам қоғамдық көлік жүреді. Жоспар бойынша оның тең жартысы ауыстырылмақ.

Қазір қаладағы бағдарға 200 автобус шығады. Осылайша, автобус паркінің 50% жаңартылады.

«Облыс орталығында қоғамдық көлікте жүру бағасы өзгеріссіз қалады. Жалпы, коммуналдық қызметтерге тарифтер жаңа жылдан бастап көтерілген жоқ», - деді Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар