Петропавлда кісі өлтіргендерге сот үкімі шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Блюз» мейрамханасының жанында адам өлтірген Қажымұрат Аюп пен Әкімбай Сәдібековке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық сотының мәліметінше, оқиға былтыр 4 тамызға қараған түні «Блюз» мейрамханасында болған. Демалуға келген Сәдібеков пен Аюп би алаңында бейтаныс жігіт Александр Трубниковпен келіспей қалады. Мәселені шешу үшін үшеуі далаға шыққан.

Мейрамхананың кіреберісінде Сәдібеков жұрттың көзінше Трубниковті бетінен ұрған. Мұны көрген Аюп зардап шегушіні мейрамхананың сыртына алып шығып, соққыға жыққан. Ауыр жарақаттан Трубников тілге келместен оқиға орнында жан тапсырды.

Аюп пен Сәдібеков кінәларын толық мойындаған жоқ.

Петропавл қалалық сотының үкімімен Әкімбай Сәдібеков ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, яғни «бұзақылық» бойынша кінәлі деп танылып, 106 баптың 3-тармағы – «абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бойынша толық ақталды.

Аюп керісінше «бұзақылық» бабы бойынша ақталып, ҚР Қылмыстық кодексі 106-бабының 3-тармағы бойынша жазаға тартылды. Сәдібеков 1,5 жылға, Аюп 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұдан басқа соттың шешімімен Аюптан қаза тапқан Трубниковтің әйеліне 3 млн теңге моральдық шығын және 230 мың теңге шамасында материалдық шығын өндіріп алынады.


Соңғы жаңалықтар