Петропавлда кезекте тұрған 128 отбасы баспаналы болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына бүгін 128 пәтер пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Петропавлда 128 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр. Жағымды жаңалықпен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі өз парақшасында бөлісті.

«Жыл сайын тұрғын үй салуға бөлінетін қаржы өсіп келеді. 2020 жылы бұл салаға 17 млрд теңге бөлінсе, биыл 28 млрд теңгеге жетті. Бүгінде Петропавлда көппәтерлі 46 үй салынып жатыр. Оның 18-і коммерциялық үйлер. Жыл соңына дейін 28 үйді пайдалануға береміз. Нәтижесінде 3,5 мың

пәтер салынады. 12 мың солтүстікқазақстандық қоныс тойын тойлайды», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының айтуынша, Петропавлда жалға берілетін тұрғын үйлер де салынып жатыр.

Бүгін кезекте тұрған азаматтар «Береке» шағын ауданында қоныс тойын тойлауда. Көп балалы отбасылар, жетімдер, мүгедектер, ардагерлер және халықтың әлеуметтік осал топтарына көпқабатты үйден 128 пәтер берілді. ⠀

«Жалпы, «Береке» шағын ауданы қарқынды дамып келеді. Біз 6 үй салып жатырмыз, оның үшеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Емхананың құрылысы аяқталады, саябақтың аумағы кеңейеді, жаңа мектеп ашылды. Осы ықшам ауданда 217 тұрақты жұмыс орны ашылатын майлы дақылдар өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. CLAAS ауылшаруашылық техникасын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын, ал қазір компания жұмысшылар іздеуде. Жаңа өндірістердің арқасында шағын аудан тұрғындары өз үйінің жанынан жұмыс табуға мүмкіндік алды», - дейді Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар