Петропавлда қазан айында 2-ЖЭО мұржасының құрылысы басталады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қазан айында 2-жылу-электр орталығының №1 түтін мұржасының құрылысы басталады. Шаһардың жаңа әкімі Руслан Анбаев нысанға барып, жылыту мауысымына дайындықты көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы жылу-электр орталығында жылыту маусымына дайындық қызған. Бұл облыс орталығының жаңа әкімі барған алғашқы нысан болды.

«Арнайы барып жұмыс барысымен таныстым. Бірер күн бұрын 2-ші түтін мұржасы іске қосылды. Қазір ол қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Бүгінде мамандар орталықтағы қазандықтарды жылыту маусымына әзірлеп жатыр. Қала тұрғындарын ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 3 қазандық істеп тұр. Жылыту маусымы басталысымен тағы төртеуі қосылады және қараша айында олардың жалпы саны 11-ге дейін жетпек», - деді Петропавл әкімі Руслан Анбаев.

Сондай-ақ биыл №1 түтін мұржасының құрылысы басталмақ.

«Жоба дайын. Қазан айында мұржаның іргетасы қаланып, келесі жылдың сәуірінде мұржаның салына бастайды. Шаруаға жауапты мердігерлер дәл осындай жобаны Павлодар қаласында жүзеге асырып жатыр. Айта кету қажет, құлаған мұржаның демонтажы құрылысқа еш кедергі жасамайды», - деді Руслан Анбаев.

Қазіргі уақытта ескі №1 түтін мұржасы бұзылып алынып жатыр. Қала әкімінің айтуынша, бұл жұмыс та, жаңа нысанның құрылысы да жылыту маусымына еш әсерін тигізбейді.

Естеріңізге салайық, 20 наурызда Петропавлдағы жылу-электр орталығының түтін мұржасы жартылай опырылып құлаған еді. Салдарынан жұмысшы әйел мерт болды.

Ал облыс орталығында тұрғындар пәтерлерінің суып кеткеніне шағымданды.

Кейін осы кәсіпорынның бірнеше басшысы қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.

СҚО әкімі орталықтың жартылай құлаған мұржасы толық бұзылып алынатынын айтты.

Сондай-ақ, Энергетика министрі Болат Ақшолақов Петропавлдағы мұржасы құлаған 2-ЖЭО-да болып, нысанды күрделі жөндеуге 17,5 млрд теңге қажет екенін айтты.

Ал, жуырда «Севказэнерго» АҚ түтін мұржасын бөлшектеуге неге үш адамның ғана жұмылдырылғанына түсінік берді.

Петропавлда 2-жылу-электр орталығындағы апатқа байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды.

Шілде айының соңында ҚР Энергетика министрлігінің комиссиясы жұмысын аяқтап, Петропавлдағы 2-жылу-электр орталығы мұржасының неден құлағанын анықтады.



Соңғы жаңалықтар