Петропавлда қазақ театрының жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «сақалды құрылыс» атанған облыстық қазақ сазды-драма театрының ғимараты салынып бітіп, бүгін салтанатты түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы қара шаңырақ – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры ұжымы жаңа ғимаратқа көшті. Өнер ордасының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.

Салтанатты іс-шарада сөз алған өңір басшысы биыл облыста мәдениет саласы қызметкерлеріне арналып тұрғын үй салына бастағанын, бұл жоба сала мамандарын қолдау мақсатында алғаш рет қолға алынғанын атап өтті. Дәурен Абаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтай келе Қызылжарда мәдениет саласы мамандарын даярлауды көздейтін Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалын ашу қажеттігін айтты.

Өнер ордасының ашылу салтанатынан кейін театр ұжымы меймандар мен көрермендер назарына Сәбит Мұқановтың «Шоқан» тарихи драмасын ұсынды.


Жас өркен жаңа ықшамауданында 2018 жылы құрылысы басталған нысан 2019 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Мердігер өз міндеттемелерін уақытында орындамай, құрылысшы компанияны ауыстыруға тура келді. Салдарынан мұндағы жұмыс бір жыл бойы тоқтап тұрды.

Театр заман талабына сай салынған, дизайні неоклассика стилінде жасалған. Зал 500 орынға арналған. Мәрмәрдан жасалған баспалдақ ғимараттың көркін аша түскен. Енді облыстағы үлкен жиындардың барлығы осы жерде өтеді. Жаңа нысанды салуға бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Нысанның аумағы 15 мың шаршы метр.


Соңғы жаңалықтар