Петропавлда қазақ мектеп-гимназиясына Абай есімі берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясы бұдан былай Абай есімімен аталатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы 19-ықшам ауданда орналасқан қазақ мектеп-гимназиясына Абай есімі берілді. Асқар Мамин кеше Үкіметтің қаулысына қол қойды.

Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясы 2007 жылы бой көтерді. 1100 балаға шақталған білім ордасында бүгінде 1046 оқушы оқиды. Даярлық сыныптары, 50 балаға шақталған шағын орталық жұмыс істейді. Мектепке Абай есімінің берілуімен енді оқу бағдарламасына біраз өзгеріс енгізілмек.

«Біз бұл хабарды бір жылға тарта күттік. Пандемияға байланысты созылып кетті. Республикадағы Абай мектептерінің желісіне кіріп отырған 17-ші мектеппіз. Абай есімінің берілуі бізге зор жауапкершілік артады. Әрине, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын боламыз. Қазір бұл пәндерге аптасына 3 сағат қана берілсе, оны жаңа оқу жылында екі есе арттырамыз», - дейді Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының директоры Бұлбұл Ахмадиқызы.

Биыл сәуір айында білім ордасында Абай орталығы ашылды. Ол 6 бөлімнен тұрады. Мұнда қазақтың мәдениетін паш ететін музей ашылған. Орталықта мамандар дарынды балалармен жұмыс істейді. Сондай-ақ, QR-коды бар арнайы стенд арқылы еліміздегі Абай мұражайларымен танысуға болады.

СҚО Білім басқармасының мәліметінше, биыл өңірде тағы екі мектептің атауы өзгерді. Булаев қаласындағы №4 орта мектепке Мағжан Жұмабаевтың есімі берілсе, Жамбыл ауданы Пресновка елдімекеніндегі жалпы білім беретін орта мектеп енді Қожаберген жырау есімімен аталады.


Соңғы жаңалықтар