Петропавлда қайыр сұраған балаларды анықтау мақсатында рейд өтіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ювеналдық полицейлер жасөспірімдер арасында қайыр сұрау фактілерін анықтау мақсатында рейд өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, рейдке полицейлерден бөлек барлық мүдделі ведомстволардың өкілдері: қалалық әкімдіктің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясының өкілі, прокуратура қызметкерлері, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама, білім бөлімдерінің мамандары қатысты.

Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушеваның сөзінше, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың міндеті – қайыр сұрауға итермелеген себеп пен салдарды анықтап, оларды жоюға көмектесу.

Рейдке шыққан топ халық көп шоғырланған «Тайга», «Пирамида», «Рахмет» сауда үйлерінің, «Алтын Арман» және «Көтерме сауда орталығы» базарларының маңын, сондай-ақ вокзал маңы алаңы мен мешіт маңын тексерді. Нәтижесінде садақа жинайтын жәшігімен жүрген төрт жасөспірім анықталды.

Полицейлер балалардың ата-анасымен хабарласып, әлеуметтік педагогтардың және прокуратура қызметкерінің қатысуымен олардан жауап алынды. Жасөспірімдер ауыр науқасты балалардың еміне ақша жинаумен айналысатын қайырымдылық қорының азаматтық белсенділері екен. Барлық құжаттары мен тиісті келісімшарты қолдарында бар.

Жыл басынан бері қаланың ювеналдық полиция қызметкерлері 120-дан астам рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде ішкі істер органдарына 743 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. Алдағы уақытта да кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың профилактикалық рейдтері жалғасады.

Соңғы жаңалықтар