Петропавлда қайта даярлықтан өтіп, жаңа мамандықты тегін меңгеруге болады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында 7 оқу орны негізінде қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтуге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, мақсат - «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асырып, халықты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту.

Петропавл қалалық әкімдігі мамандарының айтуынша, облыс орталығында 7 оқу орны негізінде қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтуге болады. Олар: Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі, Солтүстік Қазақстандық кәсіптік-педагогикалық колледжі, Гуманитарлық-техникалық колледж, Рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы және «Швейный профессионал», «Радуга» ЖШС, «Содэль» бухгалтерлік фирмасының оқыту орталықтары.

Петропавл қаласы бойынша биыл 420 адам қайта даярлықтан өтуі тиіс. Осы мақсатқа республикалық қазынадан 96,3 млн теңге, жергілікті бюджеттен 10,6 млн теңге бөлінген.

Қала тұрғындары арасында аспаз мамандығы сұранысқа ие – 40 адам меңгеріп шыққан. Кондитерлік курсты 30 адам аяқтаса, электргаздәнекерлеушінің сертификаты 25 адамға берілген. Бұдан басқа петропавлдықтар тігінші, автоэлектрші, тракторшы, электрші сияқты көптеген жұмысшы мамандықтарын меңгере алады.

Қазіргі таңда қысқа мерзімді курстарға 332 адам жіберілген. 245-і оқуын тәмамдап, 65-і бірден жұмысқа орналастырылды. Тағы шамамен 100 адам оқуды қыркүйек айында бастамақ.

Соңғы жаңалықтар