Петропавлда кәсіпкер қайыңды орманды заңсыз отап, 41 млн теңге шығын келтірді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлға кіреберістегі қайыңды орманды отаған кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Келтірілген шығын – 41 млн теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл іргесіндегі «Лесхоз» ауданында қайыңды орманның оталуы көпшіліктің наразылығын тудырған еді. Менің сатып алған жерім деп, құжаттарын алға тарқан кәсіпкер ол учаскедегі жайқалған ағашты кесіп тастаған. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Сорақы жағдай, бұл жер учаскесіне қатысты мәселе 16 жылдан бері бар. 2006 жылы бұл жер орман қорынан шығарылған. 2007 жылы кәсіпкер Бақтияр Абдуллаев жол бойында қызмет көрсету нысанын салу үшін Петропавл қаласы әкімдігімен сауда-саттық келісімге отырған. Бірақ, ешқандай жұмыс атқарылмаған. Сондықтан, қала әкімдігі бірнеше рет жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтармақ болды. Бас жоспарға сәйкес жер учаскесі үй-жай салу аймағында орналасқан және онда қайың шоқтары көрсетілген. Жер учаскесі иесінің қайың орманын отауға еш құқығы болмаған. Өйткені, кәсіпкер Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен заңды талапқа сай тиісті рұқсат алмаған», - деді Құмар Ақсақалов.

Қайың ағаштарын кесуге қатысты Петропавл қалалық полициясы қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Барлық іс-әрекет тексеріледі. Алдын ала болжам бойынша мемлекетке 41 млн теңге шығын келтірілді.

«Былтыр осыған ұқсас оқиға Қызылжар ауданында тіркелді. Кейін аудандық әкімдік жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды, бірақ келтірілген шығын әлі күнге дейін өтелген жоқ», - деді облыс әкімі.

Қызылжар ауданында заңсыз оталған ағаш бойынша іс сотқа жетті.

«Біз кәсіпкерге айыппұл салдық, істі сотқа бердік. Бірақ, сот қыркүйек айының басында оны қайтарып жіберді, сондықтан қазір қайта құжаттарды дайындап жатырмыз. Ауылдық округ әкімдігі шығын мөлшерін дұрыс есептемеген. Келтірілген шығын – 12 млн теңге», - дейді Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов.

2018 жылдан бастап осы күнге дейін сот арқылы Петропавл қаласы бойынша 44 учаске қайтарылған. Жалпы аумағы 29 га-дан асады.

СҚО әкімі мұндай жағдайлар болашақта қайталанбауы үшін жасыл желегі бар барлық жер учаскелеріне ревизия жүргізуге тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар