Петропавлда қаруланған оқушыдан зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда пышақ-балтамен қаруланған 9-сынып оқушысынан зардап шеккен екі балаға ота жасалды. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгін таңғы сағат 8.26 минут кеткенде облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлмесіне жедел жәрдем қызметі үш баланы жеткізді. Жасөспірімдерде түрлі жарақат болған.

«Зардап шеккен балалардың біреуіне алған жарақаттарына байланысты қабылдау бөлмесінде көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем алу үшін үйіне жіберілді.

Қалған екі баланы жедел түрде ауруханаға жатқызуға тура келді. Пациенттер дереу ота залына жеткізіліп, наркоз арқылы алған жарақаттары өңделді. Қажетті диагностикалық шаралар жасалды, салалық дәрігерлердің кеңесі алынды. Қазіргі уақытта екі баланың да жағдайы қалыпқа келді. Сырқаттар жансақтау бөлімшесінде жатыр», - делінген хабарламада.

Үйіне жіберілген бала оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«Дәретхананың есігін ашқан едім, маған 9-сынып оқушысы қолындағы балтасымен тап берді. Басымнан және мойнымнан ұрды. Оның бетінде маска, қолында пышақ пен балта болды. Сондай-ақ, сол кезде дәлізде болған 9-сыныптың оқушысы ер бала мен 10-сыныпта оқитын қызға шабуыл жасады. Барлығы өте тез болды. Ауырған жоқ, не болғанын түсінбей қалдым», - дейді зардап шеккен оқушы.

Жарақат алған баланың анасының айтуынша, ұлының басы айнала бергендіктен, ауруханада басын тексерткен.

«Қан қысымы көтеріліп, жүрегі айныды, баламда тахикардия пайда болды. Шабуыл жасаған бала қалай мектепке пышақ және балтаны алып кірген. Кіреберісте күзет болуы тиіс қой. Балаларды тексеруі керек қой. Сөмкелерін қарасын. Егер бала ауыратын болса, психиатриялық есепте тұрса, үйде отырсын», - дейді зардап шеккен оқушының анасы Вера Горбаченко.

Бұған дейін Петропавлдағы №4 орта мектепте 9-сынып оқушысы қаруланып келіп, 3 оқушыны жарақаттағаны туралы айтқан едік.

Сондай-ақ балаларды жарақаттаған оқушы психиатриялық есепте тұратыны хабарланды.

Ал бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігі барлық мектептерде қауіпсіздік бойынша тексеру жүргізілетінін хабарлады.


Соңғы жаңалықтар