Петропавлда қарт жүргізуші 83 жастағы әйелді көлікпен қағып кетті

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жеңіл көлік жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 83 жастағы әйелді қағып кетті. Зардап шегуші аман, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 9 желтоқсан күні сағат 14.45 шамасында болған. Астана-Чайковский көшелерінің қиылысында Audi 80 көлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 83 жастағы әйелді қағып кетті.
Зардап шегушіні жедел жәрдем қызметі облыс орталығындағы емдеу мекемелердің біріне жеткізді. Қазіргі уақытта зейнеткер барлық тиісті медициналық тексерістерден өткізіліп жатыр.
Жеңіл көліктің рулінде 71 жастағы ер адам болған. Медициналық куәландыру оның спирттік ішімдік ішпегенін көрсетті.
Жол-көлік оқиғасына қатысты жиналған материал әрі қарай процессуалдық шешім қабылдануы үшін Петропавл қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне жолданды.
Бұған дейін Петропавлдағы өндірістік кооперативтің боксында тұрған көліктің өртеніп, бір адамның ауруханаға түскенін айтқан едік. Өрт салдарынан 62 жастағы ер адам 1-2 дәрежелі күйік жарақатын алды. Ол қазір 3-қалалық ауруханада, жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде ем алып жатыр. Өрт машинаның қозғалтқышында шыққан екен.


Соңғы жаңалықтар