Петропавлда қамыс өртеніп, 4 тұрғын үй түгі қалмай жанып кетті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың маңында қамыс жанып жатыр. Лапылдаған от көшеге кіріп, 4 тұрғын үй жанып кетті. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 18.57 минут кеткенде Петропавлдағы 5-Сенная көшесіндегі ашық алаңда қураған қамыс жанып жатқаны жөнінде хабар түскен.

Желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жеткендіктен, өртке 4-ші қауіпсіздік деңгейі берілді.

Оқиға орнынан 40 адам, соның ішінде 9 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Әзірге қамыстың неден тұтанғаны белгісіз.

«Қатты желдің салдарынан лаулаған от жақын маңдағы үйлерге жетіп, 4 баспана жанып кетті. Тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт әзірге ауыздықталған жоқ», - деді департаменттің баспасөз қызметіндегілер.

Өртпен күреске СҚО ТЖД 13 техникасы мен жеке құрамнан 73 адам жұмылдырылды.

Сондай-ақ теміржолдан 4 қызметкер мен бір техника, полиция департаментінен 50 қызметкер мен 9 техника, жергілікті атқарушы биліктен 10 адам және 5 техника өртті сөндіріп жатыр.

Әлеуметтік желіде тұрғындар өртті түсіріп, бөлісіп жатыр.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, № 25 орта мектепте эвакуациялық пункт ашылған. 55-10-10, 52-27-25 телефон нөмірлері бойынша жедел желі жұмыс істейді.
Соңғы жаңалықтар