Петропавлда қала туралы мобильдік қосымша іске қосылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Жобаларды іске асыру үшін цифрландыру кеңсесі құрылды. Енгізіліп отырған өнімдердің тиімділігін көру үшін тұрғындар мен жаңалықтарды өз жұмысында пайдаланатын қызметкерлер цифрлық сауаттылыққа үйретілуде.

«Аймақта ІТ саласын дамыту, табысты ІТ жобаларды іске асыруда тәжірибелік көмек көрсету үшін С.Мұқанов атындағы ғылыми кітапханада Стартап-орталық ашылды. Жаңадан бастап жүрген стартаперлерге ІТ саласында, маркетинг және инвестициялауда жоғары құзыреті бар жергілікті компанияның қызметкерлері кеңес береді. Орталықта барлық қажетті жоғары технологиялық заманауи жабдықтар бар», - деп баяндады Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.

Қазіргі кезде қалада Smart Petropavlovsk атты мобильдік қосымша әзірлену үстінде. Онда аймақ туралы барлық қажетті ақпарат пен пайдалы сервистерді табуға болады. М.Қожахметтің айтуынша, қосымшаның негізгі міндеті - қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімділік пен ақпарат сапасының деңгейін арттыру.

«Білімді» технологиялар Петропавлдың білім мекемелеріне де енгізілуде. «Smart-балабақша» жүйесі «Алтын бесік» балабақшасында бар, жыл соңына дейін тағы 4 балабақшада іске қосады. С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда «Smart-мектеп» жобасы іске қосылды.
Өткен жылдан бастап қалалық әкімдікте «Ашық әкімдік» жобасы жұмыс істей бастаған. Бір жылға жуық уақытта әкімдік бөлімдеріне 30 мыңнан астам адам жүгінді. Мемлекеттік қызмет түрлерін алу үшін күніне орта есеппен алғанда 180-200 адам келіп тұрады.

«Жобаның басты басымдықтары - мемқызметтерді көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық қаупін төмендету, электрондық кезектің ыңғайлы жүйесі, қызмет алушылар үшін қолайлы жағдай құру», - деп атап өтті М.Қожахмет.

Соңғы жаңалықтар