Петропавлда «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында кәсіпкерлер білімдерін шыңдауда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының аясында «Іскерлік байланыстар» атты жоба жүзеге асырылып, жергілікті кәсіпкерлер оқу курстарынан өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Іскерлік байланыстар» жобасы өңірде екінші жыл іске асырылуда. Бірнеше кезеңнен тұратын жобаның өңірлік кезеңінде кәсіпкерлер үшін тренингтер мен семинарлар өтеді. Олар үш апта бойы қазақстандық және шетелдік бизнес-тренерлерден дәріс алып, бизнес-жоспар құрып, кейін Германияда білімдерін жетілдіре алады.

«Іскерлік байланыстар» жобасы экономиканың басым бағыттарында жүрген шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған. Тағы бір талап, олардың мемлекеттік тіркеуі үш жылдан кем емес, жылдық орташа табысы 6000 АЕК шамасында болуы шарт.

«Курс барысында біз кәсіпкерлерді бизнесті тиімді басқаруға, алға дұрыс мақсат қоюға және оған дұрыс жету жолдарына үйретеміз. Олар өздерін мемлекеттік экономиканың бір бөлшегі ретінде қабылдап, бүкіл әлем қолданып жүрген жаңа әдіс-тәсілдерді, әлеуметтік желілерді, бизнесті цифрландыруды меңгереді», - дейді Германиядан арнайы келген бизнес-тренер Ирина Фенске.
null

Ал жобаның екінші кезеңіне санаулылар ғана алынады. Олар өздерінің бизнес-жобаларын қорғап, оның өміршеңдігін, тиімділігін дәлелдеуі керек. Көзге түсе білгендер бір айға Германияға бизнес тәжірибеден өтуге жолдама алады. Шет елде олар тәжірибе алмасып қана қоймай, пайдалы әріптестік байланыстар орнатуға мүмкіндік алады.

«Облыста екінші жыл өтіп жатыр. Кәсіпкерлер палатасы жобаның бірінші кезеңі Петропавлда өтуіне қол жеткізді. Былтыр 30 адамды оқыттық. «Эко Пак» компаниясының жетекшісі Германияға барып, тәжірибе жинап, кәсібін дамыту үшін инвестиция тарта білді», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Исқаков.

Марат Исқаковтің айтуынша, қазір экологиялық орама шығаратын бұл фирма неміс компанияларымен екі жақты тиімді әріптестік орнату жайында келіссөздер жүргізіп жатыр. «Іскерлік байланыстар» жобасына кәсіпкерлер тегін қатыса алады.

Соңғы жаңалықтар