Петропавлда интернет-алаяқтар бойжеткеннің 1,3 млн теңгесін жымқырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 25 жастағы бойжеткен интернет-алаяқтарға жем болып, депозит шотында жатқан 1 млн 300 мың теңгесінен айрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны OLX арқылы жатын бөлмеге арналған жихазды сатпақ болады. Оның хабарландыруы бойынша бір әйел WhatsApp арқылы хабарласып, төлем жасау үшін картасының нөмірін сұраған. Біраздан кейін ол картаға ақша жіберілмей жатқандығын айтып, басқасын беруді сұраған.

Әйел құрбысынан көмек сұрап, «сатып алушы» ақша аударуы үшін карточкасының нөмірін беруді өтінеді. 25 жастағы бойжеткен оның өтінішін жерге тастамайды.

«Біраздан соң «сатып алушы» жәбірленушімен байланысқа шығып, картаның деректемелерін, тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН сұрайды және біраз уақыттан кейін оның телефонына нөмір жазылған СМС-хабарлама келетінін және де оған осы нөмірлерді айтуды сұрайды. Кейін депозиттен 1 млн 300 мың теңге көлемінде қаражат жоғалғаны анықталды. Ал жихазды сатушының карточкасында қаражат болмаған, сол себепті алаяқтар басқасын беруді сұраған», - дейді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Алаяқ «жеке тұлғаларға арналған интернет-банкинг» және «SMS-парольдерді жеткізу» қызметтерін пайдаланып, жәбірленушінің банк шотынан басқа шоттарға ақша аударған. Ақша жоғалғаннан кейін, қыз алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.

Жыл басынан СҚО-да 375 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Полицейлер профилактикалық жұмыстарды, оның ішінде күдік туғызатын хабарландыруларға мониторинг жүргізіп тұрады. Жыл басынан танымал интернет-ресурстарда 100-ден аса хабарландыру бұғатталды.


Соңғы жаңалықтар