Петропавлда имам бастаған халық жарапазан айтып, көше аралады

None
Видеодан алынған кадр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда орталық мешіттің имамы бастаған бір топ адам көшеде жарапазан айтып, көпшілік орындарға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда қазақтың ұлттық киімін киген, домбыра ұстаған бір топ адам орталық көшемен жүріп өтіп, жарапазан айтып, көпшіліктің таңданысын тудырды. Іс-шараның өтуіне ұйытқы болған – «Қызылжар» орталық мешіті.

«Жарапазан деген сөздің мағынасы Рамазан келді дегенді білдіреді. Мұны діни жыр деп айтуға болмайды. Бұл қазақ халқының дәстүрлі жырларының бірі. Қазақ халқы бұрын Рамазан айы келгенде, телеарна, радио болмаған кезде осылай жарапазан айтып, халықты Рамазан айының туғаны жөнінде хабардар еткен.

«Рамазан айы келе жатыр, қасиетті айдың берекесінен құр қалмаңыздар» деп ескертеді, шақырады», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы.

Имамның айтуынша, жарапазан жырының түрлері көп – елу шақтысы бар. Бұрын бұл жырды балаларға арнайы жаттатып, үйді-үйге жіберген. Жарапазан айтылған үй жақсы тілекпен келгендерді бос қол жібермеуге тырысқан.

Солтүстік Қазақстан өңірінде бұл дәстүр кенже қалған. Бірақ, Алматы, орталық Қазақстанда, тіпті мына көрші тұрған Ақмола облысында ол жыл сайын айтылып келеді.

«Осы дәстүрімізді қайта жандандыру мақсатында қолға алынған шара ғой. Көпшілік біле бермейді. Әсіресе өзге ұлт өкілдеріне қазақтың осындай да дәстүрі бар екенін көрсеттік.

Бүгін Қазақстан Конституциясы көшесімен жүріп өттік. Халық көп жиналған сауда орталығында болып, жарапазан айттық. Имамдар, мешіт шәкірттері бар жұртты Рамазан айымен және Наурыз мейрамымен құттықтадық.

Аталарымыз бата беріп, әжелеріміз шашу шашып, мәре-сәре болдық. Халық жақсы қабылдады», - дейді Хамзат Қажымұратұлы.


Соңғы жаңалықтар