Петропавлда иесіз жатқан саяжай учаскелері тегін үлестірілуде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы саяжай учаскелерінің жартысына жуығы пайдаланылмай бос жатыр. Былтыр иесіз қалған 219 саяжай қала тұрғындарына берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығында қазіргі таңда 47 300 саяжай учаскесі бар. Олар шамамен 3 мыңға жуық гектарды алып жатыр. Алайда осы жерлердің тек жартысынан астамы ғана пайдаға жаратылған. Яғни саяжай учаскелерінің 24 мыңына ғана көкөніс, жеміс-жидек егіледі.

Бағбаншылар қоғамдастығының төрағасы Виктор Малинконың айтуынша, қазір Петропавл қаласында 136 бау-бақша серіктестігі бар. Саяжай маусымы басталмас бұрын 13 бағыт бойынша автобус жүретін жолдар қалыпқа келтірілді. Биыл 3 бау-бақша серіктестігіне электр сымдары тартылады.

«Жобалық-сметалық құжаттар әзір. «Дружба», «Родничок» және «Энергетик -2» саяжай серіктестіктеріне қалалық әкімдіктің көмегімен шамамен 33 млн теңгеге жарық тартылады. Су мәселесін биыл қозғаған жоқпыз», - дейді Виктор Малинко.

Петропавл қаласы әкімдігінің Жер қатынастары бөлімінің ресми мәліметінше, саяжай учаскелерінің пайдаланылмауына иелерінің ел аумағынан көшіп кетуі, қайтыс болуы немесе көктемде су басуы себеп. Мамандар бос жатқан жерлерді анықтап есепке алады, кейін сот арқылы оны иесіз деп таниды.

Ал иесіз деп танылған саяжай учаскесін тегін алуға мүмкіндік бар.

«Бағбандықпен айналысқысы келген қала тұрғындары өздігінен бау-бақша серіктестігін таңдап, оның төрағасымен бос жатқан жерді анықтайды. Төраға саяжай учаскесінің мекенжайы жазылған қолдаухат береді. Анықтаманы және жерді иесіз деп танып, тіркеуге алу туралы өтінішті қалалық әкімдікке әкеліп тапсыру қажет. Тек бір жылдан кейін жергілікті атқарушы орган жерді иесіз деп танып, коммуналдық меншікке өткізу жайындағы өтінішпен істі сотқа береді», - дейді Жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Жомарт.

Былтыр Петропавл қаласында 219 жер учаскесі қалалықтарға үлестірілсе, биыл жыл басынан 61 адам саяжай алып, бағбаншылар қатарына қосылды.

Соңғы жаңалықтар