Петропавлда халықаралық маңызы бар жолды су басуы ықтимал

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Есіл өзені суының тасу шегі болжам бойынша 18-21 сәуір күндері өтпек. Мамандардың айтуынша, бірнеше жолды су басады, оның ішінде халықаралық маңызы бар «Челябинск-Новосібір» автожолы да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде көктемгі су тасқынына байланысты қазіргі жағдай баяндалды. «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының директоры Қымбат Мерғалимованың айтуынша, бүгінгі таңда су тасқыны шарықтау шегі Ғ. Мүсірепов және Шал ақын аудандарынан өтті. Қазіргі уақытта су тасқыны Есіл ауданында өтіп жатыр.
Петропавлда Есіл өзенінің су деңгейі 1050-1070 см дейін көтеріледі деп болжанған. Қала маңында тасқын судың шарықтау шегі 18-21 сәуір аралығында болады деп күтілуде.
Мол су келген жағдайда Есіл өзені арнасынан шығып жайылып, «Челябі-Новосібір» халықаралық маңызы бар автожолдың 528 км су басуы ықтимал. Сондай-ақ 1-Заречная көшесі, Заречный кенті, Прибрежное ауылына баратын жол су астында қалмақ.
Ал 13 сәуірде СҚО аумағында күн райы бұзылып, қар-жаңбыр жаумақ. Синоптиктердің болжамынша, кей жерлерде екпіні секундына 23 метрге жететін жел тұрмақ.
Сәуірдің үшінші онкүндігінде ғана күн жылынып, термометр бағаны түнде +6+11-ге дейін көтерілсе, күндіз +16+21 градусты көрсетпек.


Соңғы жаңалықтар