Петропавлда гаджеттерге қажет микросұлбалар жасамақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы «Киров» атындағы зауытқа көпқабатты баспа плата шығаратын қондырғы орнатылды. Жаңа техника Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Петропавлда түрлі гаджеттерге арналған миросұлбаларды жасауға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Құмар Ақсақалов «Киров» зауытының жаңа цехін аралады. Жаңа қондырғылар 2,2 млрд теңгеге алынды. 300-ге жуық автоматтандырылған механизмдер шамамен бір айдан кейін іске қосылып, смартфон, ноутбук және планшеттерге қажет микросұлбаларды шығара бастайды.

«Бұл кешенді жоспардың «алғашқы қарлығаштары». Жаңа цех өнім көлемін 2 млрд теңгеге ұлғайтпақ. Яғни, бір жылдың ішінде қондырғы өзін ақтап шығады. Қосымша 48 жұмыс орны ашылады», - деді Құмар Ақсақалов.

СҚО-дағы машина жасау саласының қос үздігі - Петропавл ауыр машина жасау және Киров зауыттарында жаңғырту жұмыстарына кешенді жоспар аясында 6,7 млрд теңге бөлінген.

Петропавл ауыр машина жасау зауытын да оң өзгерістер күтіп тұр. Үш жылда кәсіпорын 4,5 млрд теңгенің қондырғыларын сатып алмақ. Қазір тиісті 39 қондырғының 11-і жеткізілді. Өңір басшысы ЗИКСТО зауытындағы жағдайды да өз бақылауында ұстауда.
null

«ЗИКСТО зауытында еңбекақы қарызы толық жабылды. Қазір жаңа басқару тобы келді. Кеше бас директор таныстырылды. Тапсырыс бар. Зауыттың өнімі сұранысқа ие. Шілденің алғашқы тоқсанында зауыт қайта іске қосылады», - деді өңір басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «ЗИКСТО» зауытының жұмысшыларына шамамен 100 млн теңге берешегі болып, облыс әкімі өз бақылауына алғаннан кейін бірер аптада қарыздың толық өтелгенін айтқан едік.

Соңғы жаңалықтар