Петропавлда есту қабілеті нашар балалар арасында футболдан жарыс басталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы А.Винокуров атындағы спорт сарайында шағын футболдан ҚР чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республикалық чемпионат есту қабілеті нашар балалар арасында өтіп жатыр. Биыл алаң иелерімен бірге 8 команда жарысқа қатысуға ниет білдірді. Олар: Алматы, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары және Астана мен Алматы, Шымкент қалаларының құрамалары.

«Республикалық чемпионат үшінші жыл қатарынан Петропавл қаласында өтіп жатыр. Біздің спортшыларымыз былтыр жақсы нәтиже көрсетті. Екі жыл бойы күміс жүлде алдық. Биыл да жеңіс тұғырынан көрінеміз деген үміттеміз. Федерация спортшыларға футболмен айналысу үшін әрқашан жағдай жасайды, қаржымен көмектеседі», - дейді СҚО мүгедектер федерациясының вице-президенті Бауыржан Құлжанов.

Жарыс алаңына бірінші болып Шымкент пен Алматы қалаларының спортшылары шықты. Қос құрама былтыр ақтық ойында кездесіп, шымкенттіктер жеңіске жетті. Биыл да олардың бабы келісіп, қарсыластарын 4:1 есебімен ойсырата жеңді.

«Балалар чемпионатқа үлкен дайындықпен келді. Күніне 2 рет жаттығу жасады. Қарсыластарымызды жақсы білеміз. Соның да көмегі болған шығар. Менің үмітімді ақтады», - дейді Шымкент қаласы құрамасының жаттықтырушысы Есенбек Атабаев.

Шағын футболдан өтіп жатқан республикалық чемпионат 4 күнге жалғасады.

Соңғы жаңалықтар