Петропавлда ескерткішке қойылған гүлдерді бұзақылар емес, коммуналдық қызмет әкеткен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда интернационалист-жауынгерлер ескерткішіне қойылған гүлдерді күн өтер-өтпестен коммуналдық қызмет жұмысшылары жинап алып, қоқысқа тастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік желілерде кеше ғана интернационалист-жауынгерлер ескерткішіне қойылған гүлдерді біреулердің жол бойына шашып тастағаны туралы бейнежазба жарияланды. Көпшілік мұны бұзақы жастардың әрекеті деп топшылап, оларды жазалауды талап етті.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осыған байланысты Петропавл полицейлері тексеру жүргізді. Нәтижесінде желден ұшқан гүлдер мен гүлдестелерді коммуналдық қызмет жұмысшыларының жинап алып, қоқыс контейнеріне апарып тастағаны белгілі болды.

«Бейнекамерадағы жазбадан жұмысшының гүлдестелерді қоқысқа сүйреп бара жатқанын көруге болады. «Коммунхоз» ЖШС өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Олармен бұдан былай ескерткішке қойылған гүлдер мен гүлдестелерді күн өтер-өтпестен жинап алмау жайында келісім жасалды», - дейді СҚО ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы Сән Жұмағазина.


Соңғы жаңалықтар