Петропавлда есірткі зертханасын ашқан 20 жастағы жігіт ұсталды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда есірткі зертханасын құрып, синтетикалық еліткіш затты өндіріп, сатып келген 20 жастағы жігітке қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 20 жастағы тұрғыны мамыр айында ұсталған.

Оны тінту кезінде өсімдік тектес зат салынған 8 полимер түйіншек табылған.

Тағы 52 түйіншек пен сұйықтық құйылған екі ыдыс Халтурин көшесі бойындағы тұрғылықты мекенжайынан табылды.

Сараптама түйіншектердегі заттың синтетикалық есірткі «спайс» екенін көрсетті. Ал қалғаны - оны дайындауға арналған прекурсорлар болған.

Тәркіленген есірткінің саны 200 реттік дозаға жуық, есірткі затының жалпы салмағы шамамен 8 грамм, ол аса ірі мөлшерге жатады.

Жігіттің үйінен респираторлар, грамдық таразылар, өлшеуіш колбалар мен синтетикалық есірткіні дайындауға арналған басқа да құрылғылар тәркіленді.

Күдіктінің айтуынша, есірткіні ол жеке пайдалану үшін сақтаған. Қазір синтетикалық есірткіні өндіру және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

«Күдікті қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаев.


Соңғы жаңалықтар