Петропавлда есірткі таратушы бойжеткен 11 жылға сотталды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда есірткі таратуды кәсіп еткен бойжеткен 11 жылға сотталды және енді ол нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емделетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда есірткіні белгілі бір орынға жасырып, таратып жүрген 22 жастағы қызға қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Бойжеткеннен ақпан айында 5 граммға жуық, яғни аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленген болатын. Полицейлер оны ақпан айында ұстаған. Сот үкіміне сәйкес ол 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ жазаны өтеу орны бойынша есірткілік тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделетін болады.

«Қазіргі проблема – нашақорлардың, қылмыскерлердің орташа жасының жасаруы. Жастар «жеңіл ақшаға» қызығады. Бір қарағанда есірткі жасырудың түк қиындығы жоқ. Таратушылар есірткіні қолданатын адамның денсаулығына зиян келтіріліп, өлім құшатыны туралы ойланбайды. Есірткіні таратқаны, сатқаны үшін заңнамамен қатаң жаза көзделген. Биыл СҚО-да есірткіні арнайы орынға жасырып, таратқан 22 адамға сот үкімі шығарылды. Олардың 12-сінің жасы 25-тен аспайды. Қылмыскерлер орта есеппен 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды», - дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

Жыл басынан бері облыста 146 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде 46 өткізу фактісі. Қазіргі таңда олар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заңсыз айналымнан 333 килограмм түрлі есірткі, оның ішінде бір жарым килограмм синтетикалық есірткі тәркіленді.


Фото: polisia.kz


Соңғы жаңалықтар