Петропавлда есірткі саудалайтын сайт жазылған граффити пайда болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда полицейлер үйлердің сыртында есірткі саудалайтын сайттарды жазып жатқан қала тұрғынын ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, ұсталған 22 жастағы нашақор келіншек көпқабатты үйлердің қабырғаларында синтетикалық психобелсенді заттарды тарататын сайттардың граффити суретін салған.

«Бұл туралы әйелдің әрекетіне алаңдаған қала тұрғындары хабарлады. Осындай жазбаларды дереу полицияға хабарлап, оларды жойып жіберу керек. Көптеген ПИК төрағалары бұл жұмысты жүргізіп келеді. Бірақ тек қоғамның белсенділігі арқылы ғана нашақорлықтан қорғана аламыз», - деді Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иван Терзиди.

«Синтетикалық есірткіні қауіпті тұсы оны таратудың жолдарының жеңілдігі. Есірткі сатушылар сайттар жасап, «клиенттерді» тарту үшін сайт мекенжайларын үйлердің қабырғаларына жаздыруға есірткіге тәуелділерді көндіреді», - делінген хабарламада.

Қазан айының ортасынан бастап өңірлік полиция «Рефлекс» атты жедел-алдын алу шарасын өткізуде. Оның басты мақсаты - есірткі заттары мен синтетикалық психобелсенді заттардың заңсыз айналымын шектеу. Тәртіп сақшылары мектептер мен колледждерде дәрістер оқып, ата-аналармен кездесу өткізеді. «Спайс: тұйыққа тірелу» атты деректі фильмін көрсетеді. 

Жыл басынанг бері аймақта заңсыз айналымнан 400 келі есірткі, соның ішінде 5 келіден астам наша және 1,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Полиция синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан 50-ден астам сайтты анықтап, олардың жұмысын тоқтатты.

Соңғы жаңалықтар