Петропавлда экологтар заңсыз жұмыс жасаған зауытты жапқызды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда соттың шешімімен бетон жасайтын зауыт жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстіккақазақстандық экологтар бірнеше көпқабатты үйлердің тұрғындарының өміріне кедергі келтірген зауытты жапқызды.

Цементтің шаңы мен үздіксіз шу Петропавлдың тұрғындарына 2015 жылдан бері кедергі келтіріп жүрген. Олар Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаментіне арызданған. Сол кезде зауыт рұқсатсыз жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. Сот  кәсіпорынның қызметін дереу тоқтатты. Алайда біраз уақыт өткен соң зауыт барлық құжаттарды алып, қайтадан жұмыс істей бастады.

Алдыңғы жылдың қараша айында экология департаментіне тұрғындардан тағы да арыз түскен.

«Оның негізінде біз жоспардан тыс тексеріс өткіздік. Рұқсат құжаттар бойынша санитарлық қорғау аумағы 45 метр болуы керек. Біздің мамандар зауыттан ең жақын орналасқан тұрғын үйге дейінгі аумақты өлшегенде 31 метр болды», - деді экология департаменті басшысының орынбасары Азамат Бектасов.

Экологтың айтуынша, аталмыш заңсыздық үшін әкімшілік құқызбұзушылық жөніндегі ҚР ҚК-нің 332-бабы негізінде кәсіпорынға айыппұл салынды. Департамент рұқсат құжаттарын қайтарып алу үшін сотқа шағым берді.

Жылдың басында Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот экология департаментінің сұранысын қанағаттандырды.

«Дәл қазір кәсіпорынның қолында рұқсат та, шешім де жоқ. Олардың жұмыс жасауға құқықтары жоқ», - деді А.Бектасов.

Соңғы жаңалықтар