Петропавлда екі күннен бері газ тапшы

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда екі күннен бері газ тапшы. Газ құю бекеттерінің бірінде көгілдір отын талонмен берілсе, енді бірінде мүлде жоқ, автокөлік иелерін кері қайтаруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірге көгілдір отынды тасымалдаумен 6 кәсіпорын айналысады. Солтүстік Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының айтуынша, соңғы екі жылда облыста газ тапшылығы болмаған.

«Облыс орталығында газдың тапшылығы Павлодар мұнай-химиялық зауытында уақытша жөндеуге байланысты туындап отыр. Осыған орай газдың жеткізілуі кешіктірілді. Бұл өте сирек қайталанатын жағдай. Газ үнемі уақытында, қажетті көлемде әкелініп отырады. Көгілдір отынның алғашқы бөлігі қазір облыс орталығына келіп жетті. Ертеңнен бастап сатылымға шығарылады», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Айдархан Мусин.

Қазір облыс орталығында 10-нан астам газ құю бекеті бар. Петропавл қаласындағы №9 газ құю бекетінде көгілдір отын тек қоғамдық көліктерге ғана құйылып жатыр. Өйткені, газ бітуге шақ қалған.

«Үш газ құю бекетіне бардым. Барлығы жоқ дейді. Менің ойымша бағаны өсірмекші. Онсыз да көгілдір отынның бағасы шарықтап тұрған жоқ па. Көкшетауда литрі 56 теңге, бізде - 73. Себебін түсіне алмай қойдық. Сонымен қатар басқа қалаларда газ болондарына құйдырсаңыз да бағасында айырмашылық жоқ. Бізде ше? Газ баллондарына құйдыру үшін литріне 90 теңге төлейміз», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Дмитрий Нетисов.

Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысында бидайдан биоэтанол мен крахмал өндіретін зауыт іске қосылғандығын жаздық.

Ақерке Қабыкеева

Соңғы жаңалықтар