Петропавлда дүкендер мен дәріханалар кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласында карантинде қандай өзгерістер болатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ауруханалар, құқық қорғау органдары, коммуналдық қызмет пен өзге де қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардан басқа кәсіпорындар мен ұйымдар өз қызметін тоқтатуы тиіс. Бұған дейін мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен еді. Бұл жұмыс күшейтіледі. Бүгін меморган басшыларына қызметкерлерді барынша қашықтан жұмыс істеуге көшіруді тапсырдым», - деді облыс әкімі «QYZYLJAR» телеарнасының тікелей эфирінде.

Азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер, дәріханалар 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

«Тұрғындар жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, дәріханаға және жұмысқа ғана бара алады. Қалған жағдайларда полицейлер 26 мың теңге айыппұл салады немесе 5 тәулікке дейін қамауға алады. 65 жастан асқан тұрғындар үйде болуы керек. Сіздер назардан тыс қалмайсыздар. «Қазпошта» қызметкерлері зейнетақыны үйге дейін апарып береді», - деді әкім.

Оның айтуынша, ҚХА базасында еріктілер штабы құрылды. Олар қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізеді.

«Көмек қажет болған жағдайда қалалық 109 колл-центріне хабарласу қажет. Волонтерлер міндетті түрде көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда карантин толық оқшаулану ұғымын білдіреді. Қаламыз жаңа тәртіпте тіршілік етеді және барлық қағидаларды сақтауымыз қажет. Біз қазір көрінбейтін жаумен күресіп жатырмыз. Бұл қиындықтың барлығы - уақытша. Қағидаларды ұстансақ, бұл қиындықты да еңсереміз», - деді Құмар Ақсақалов.

Айта кетейік, 3 сәуір күні сағат 00.00-де Петропавл қаласы аумағына карантин режимін енгізіледі. Тұрғындар түнге дейін қалаға кіріп-шыға алады.

Барлық қоғамдық орындар, саябақтар мен скверлер жабылды. Қала маңы автобустары мен барлық қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды.


Соңғы жаңалықтар