Петропавлда дауылдың салдарынан 13 қосалқы станция істен шықты

None
Видеодан алынған кадр/ instagram.com/ruslan_anbaev
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда кеше кешқұрым болған дауылдың салдарынан бірнеше шағын аудан жарықсыз отыр. Энергетиктер 13 қосалқы станцияның жұмысын қалыпқа келтіру үшін түні бойы жұмыс істеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, Петропавлда жауынды дауыл 7 маусым күні кешкі сағат 20.44-те басталып, 38 минутқа созылған. Желдің екпіні секундына 29 метрге дейін жетті. Осы аралықта 21,4 мм жауын жауды, бұл айлық норманың жартысы.

Қатты дауылдан ағаштар құлап, кей нысандарға зақым келді. Мұны әлеуметтік желіде тұрғындар бөліскен бейнежазбалардан көруге болады.

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «ikomek-109» қызметіне облыс орталығы тұрғындарынан кешкі сағат 21.00-ден таңғы сағат 8.00-ге дейін 215 өтініш келіп түсті. Оның 90 % жарықтың сөндірілуіне қатысты болған.

«Петропавлда 13 қосалқы станцияда жарық өшірілді. Жұмысын қалпына келтіру үшін бірнеше сағат керек болды. Бүгін таңертең 20-ықшам ауданның бір бөлігінде, балық тәлімбағы ауданында, өндірістік аймақта, Гашек және Уәлиханов көшелерінде орналасқан бірқатар нысанда әлі электр қуаты жоқ. Оларға жарық беру үшін жұмыс түні бойы жүргізілді, әлі жүріп жатыр.

Дауылдың салдарынан ағаш бұтақтары сынып, көше, аулаларға құлады. Арнайы қызметке осындай факті бойынша 19 қоңырау шалынды. Зардап шеккендер жоқ», - деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.

Маманның айтуынша, Петропавл әкімі мен әкімдік мамандары сол күні дауылдың салдарын тексеруге шығып, ағаш пен бұтақтарының сынып құлауының 24 фактісін анықтады. Бірінші кезекте автожолдарда жатқан ағаштар алынды, кейін коммуналдық қызметтер аулаларды тазартты. Жұмыс әлі жүріп жатыр.

«Қатты жауынның салдарынан Қазақстан Конституциясы, 55 және Астана, 39 мекен жайларында орналасқан көпқабатты үйлердің шатырынан су кетті. Пәтерлерге су кірген жоқ. Әкімдік өкілдері осы үйлердің ПИК және МИБ төрағаларымен кездесіп, сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүгін олар шатырларды жөндеуге кіріседі», - деді Эльмира Сәдуақасова.


Соңғы жаңалықтар