Петропавлда дауылдан кейін 200-ден астам үй жарықсыз қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соққан қатты дауыл ағаштарды құлатып, жүздеген үй жарықсыз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінде өңірдегі дауылға қатысты брифинг өткізілді. «Қазгидромет» РММ облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалымованың мәліметінше, дауылдың тұруына Ресейден келген циклон себеп болған.

«Солтүстік-батыстан солтүстік шығысқа көшкен атмосфералық ағын салдарынан облыста найзағай ойнап, дауыл тұрды. 20 қыркүйекте түнде Тайынша мен Тимирязев аудандарындағы метеостансаларда секундына 30 метрге дейін жеткен күшті жел тіркелді. Петропавл қаласында желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетті», - деді Қымбат Мерғалымова.

ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың ақпары бойынша, дауыл Тайынша ауданындағы бір мектептің 30 шаршы метр шатырын жұлып кеткен. Кей аудандарда жарық сөніп қалған. Электр қуаты сағат 18.00-ге дейін қалпына келтірілмек. Петропавл қаласында 200-ден астам үй жарықсыз қалды. Бұл туралы қала әкімі Болат Жұмабеков Facebook-тегі әлеуметтік парақшасында мәлім етті.

«Дауылдан кейін таңертең қаланы аралап шықтық. Жамбыл, Горький, Маяковский, Сенная және тағы бірқатар көшелердегі үйлер жарықсыз отыр. Шамамен 200-ден астам үй. Қазіргі уақытта «СҚРЭК» АҚ күшімен апаттың салдары жойылды, біразданг соң кейін бұл үйлерге жарық беріледі. Бұдан басқа облыс орталығында бірнеше ағаш құлады. «Коммунхоз» ЖШС бірден іске кірісіп, жолдарды тазартып жатыр. Сондай ақ «Апаттық қызмет» көшедегі жарықтандыруды қалпына келтіріп жатыр», - деп жазды Болат Жұмабеков.

Оның пікірінше, жарықтың сөніп қалуына қатты желден сымдардың бір-біріне тиюі себеп, сол себепті энергетиктер электр беру желілерін тексеріп, сымдарды қайта тартуы керек. Ал, «Коммунхоз» ЖШС құлайын деп тұрған ағаштарды кесуді қолға алады.

СҚО-да қолайсыз ауа-райы алдағы күндері де сақталмақ.

«Желдің күші секундына 25-28 метрге дейін жетуі мүмкін. Тек сенбі күні біршама саябырсиды деп күтілуде. Алайда, жексенбі күні қайтадан дауыл тұрады, жауын жауып, найзағай ойнайды. Қыркүйектің үшінші он күндігінде күн суытады, температура минус 1 градусқа дейін төмендеуі мүмкін», - дейді Қымбат Мерғалимова.

Бұған дейін күшті желдің Петропавл қаласының көшелерінде ағаштарды құлатып кеткенін айтқан болатынбыз. Құтқарушылар дауылды күндері мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес береді.



Соңғы жаңалықтар