Петропавлда бұқаралық спортты насихаттаған республикалық акция өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Fitness park KZ» республикалық жобасы аясында бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Fitness park KZ» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы гранты аясында жүзеге асып жатыр.

Жоба Қазақстанның 17 аймағында өтеді. Алғашқысы Петропавлдағы А.Винокуров спорт сарайында өтті. Оған облыс орталығының 50-ге жуық бапкері, фитнес нұсқаушылары мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері қатысты. Жаттығуды «WorldClass» элит-бапкері, Қазақстанның футболдан чемпионы, футболдан халықаралық ойындар жеңімпазы, ҚР бодибилдинг бойынша жеңімпазы, Les Mills сертификатталған бапкері Руслан Батырбеков өткізді. Оған қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBA супер және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы, EBU нұсқасы бойынша Еуропа чемпионы Жанат Жақиянов көмекке келеді.

«Біздің бұқаралық спортты дамытуға арналған бағдарламамыз бен әдістемеміз ҚР Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы және «World Class» халықаралық фитнес клубтар желісімен әріптестік барысында әзірленді. Нәтижесінде бағдарламалар кешені жасалды. Сергіту жаттығуы 15 минутқа шақталған. Ұлттық бидің элементтері енгізілген», – дейді жоба директоры, Ұлттық Дельфий Комитетінің директоры Құралай ТҮСПЕКОВА.

Жобаға жаттықтырушылардан бөлек мектеп оқушылары, колледж, университет студенттері қатысып жатыр.

Петропавлда «Fitness park KZ» бағдарламасы екі күн өтіп, 500-ге жуық адамды қамту жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар