Петропавлда бухгалтерлік ұйым қызметкері кәсіпкердің 8 млн теңгесін иемденіп кеткен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бухгалтерлік қызмет көрсететін мекемеге сенген кәсіпкер 8 млн теңге салықтан берешек болып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы кәсіпкердің бірі өзінің алаяққа жем болғанын айтып арызданды. Айтуынша, қоспа жеммен айналысатын ол жыл басында бухгалтерлік қызмет көрсететін мекеменің бірінің көмегіне жүгінеді. Оның қызметкері кәсіпкерге салық төлемін жүргізуге көмектеспек болады. Ер адам оған 300 мың теңгеден астам ақшасын береді. Кейін тағы бірнеше мәрте осы кеңсеге келіп, құжатын сеніп қалдырған. Ал бірнеше айдан кейін ол салық бойынша қордаланған қарызы барын білген. Мекеме қызметкерінің қолына ұстатқан 8 млн астам теңгесі бюджетке түспепті. Бұл факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Алаяқтық» бабы бойынша енгізілді.

«Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғынына қатысты тергеу амалы басталды. Ол әйелдің осындай басқа да қылмыстарға қатысты бар-жоғы тексеріліп жатыр. Егер де дәл осындай жолмен зардап шеккен кәсіпкерлер болса, бізге хабарласуын сұраймыз», - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің басшысы Нұржан Омаров.


Соңғы жаңалықтар