Петропавлда бойжеткен аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін 3 жылға сотталды
2022 жылғы 5 шілде 20:59

Петропавлда бойжеткен аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін 3 жылға сотталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 22 жастағы бойжеткен аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны өткен жылдың қараша айында жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде ұсталды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бойжеткеннен темекі шегуге арналған құралдар мен көк түсті кристалл тәріздес зат салынған екі полимерлік түйіншекті тәркіледі. Сараптама алынған заттың «альфа-PvP», яғни халық арасында «тұз» деген атпен белгілі синтетикалық есірткі екенін көрсетті. Салмағы - 2,9 грамм, бұл аса ірі көлемге жатады.

Қазіргі уақытта бойжеткен Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

«Жыл басынан осы бап бойынша 4 факті анықталды. Есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі полиция бөліністерінің басым міндеттерінің бірі. Жалпы 6 айда облыста есірткіге қатысты 109 дерек тіркелді, оның 40-ы сатуға қатысты. Заңсыз айналымнан 267 келі түрлі есірткі заты алынды, оның ішінде 1,4 кг астамы синтетикалық есірткі», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иван Терзиди.


Фото: polisia.kz

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT