Петропавлда бомба қойылғаны туралы жалған хабар таратқан адам сотталды
2022 жылғы 29 маусым 08:56

Петропавлда бомба қойылғаны туралы жалған хабар таратқан адам сотталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жарылғыш құрылғы туралы жалған хабар беріп, тұрғындар мен арнайы қызметтерді дүрліктірген ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 14 ақпанда Петропавлда болған. Мас күйдегі ер адам «102» арнасына телефон шалып, Заводская көшесіндегі үйдің подъезінде жарылғыш затпен тұрғанын айтқан.

Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, жарғыш техниктер мен басқа да шұғыл қызметтердің өкілдері келіп жетті. Тәртіп сақшылары үйдің жанында мас күйде жүрген ер адамды ұстады. Тексеру барысында оның бойынан ешбір жарылғыш қауіпті зат табылған жоқ.

Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Петропавл қалалық соты «әзілкешке» бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауға үкім шығарды.

«Ер адамның заңсыз әрекеті қалалықтардың тынышын алып, демалысының шырқын бұзды. Осындай оқиғалар меншік иелеріне материалдық шығын келтіре отырып, арнайы қызметтердің жұмысына жиі кедергі жасайды, адамдардың мазасын алады, ғимараттарды тексеру үшін тұрғындарды эвакуациялауға тура келеді. «Телефон терроризмі» үшін ҚР ҚК 273-бабының санкциясына сәйкес ірі көлемдегі айыппұл мен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін естен шығармаған жөн», - дейді СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.

Бұған дейін Петропавлдағы дәмханалардың бірінде болған жанжалдан үш адам пышақ жарақатын алғанын айтқан едік. Күдікті екеу ұсталып, олардың біреуі уақытша ұстау изоляторында суицид жасады.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT