Петропавлда биыл «Жаужүрек полк» шеруі онлайн өтеді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда биыл «Жаужүрек полк» шеруі тұрғындардың өтінішіне қарамастан тек онлайн өтетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, Жеңіс мерекесі облыс орталығында кең көлемде атап өтіледі.

Бүгінде бағдарлама бекітілген. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ешқайсысы ұмыт қалмайды.

Бұл күндері Петропавлдың мектептерінде арнайы сынып сағаттары және әскери-патриоттық іс-шаралары өтіп жатыр.

Ал мейрам күні майдангерлер тұратын үйлердің аулаларында концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Қалалық әкімдік көптің көкейінде жүрген «Жаужүрек полк» шеруін өткізу туралы мәселенің де басын ашты.

«Биыл «Жаужүрек полк» шеруі акциясы ел бойынша онлайн өтеді. Оны республикалық порталдардың бірінен онлайн-режимде тамашалауға болады. Бұл формат көрші елдегі геосаяси жағдайға байланысты және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында таңдалып алынды.

Ал тұрғындарға туған-туыстарының фотоларын алып еске алу орындарына – мәңгілік алау, ескерткіштердің басына баруға ешкім кедергі болмайды», - делінген хабарламада.

Естеріңізге салайық, Солтүстік Қазақстан облысында биыл 15 соғыс ардагері Жеңіс мерекесін қарсы алмақ.


Соңғы жаңалықтар