Петропавлда биыл жасөспірімдерге қатысты жыныстық сипаттағы 7 қылмыс жасалған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жазғы демалыс алдында полицейлер, психологтар, дәрігерлер, білім беру ұйымдарының өкілдері жасөспірімдермен түрлі іс-шаралар өткізіп, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты әңгімелер өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда өткен мұндай жиындардың мақсаты - жасөспірімдер арасындағы және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу. Оған себеп те жоқ емес.

«Петропавлда жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандарға қатысты 15 қылмыс тіркелсе, соның 7-і – жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық. Былтыр осы аралықта 20 қылмыс жасалса, соның 11-і жасөспірімдерге қатысты жыныстық қылмыс. Бұған зорлау да, келісім бойынша болған қатынас та жатады», - дейді Петропавл қалалық ювеналды полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы Лидия Султангельдинова.

Мамандар облыстың мектептерін, колледждерін аралап, балалармен, ата-аналармен семинарлар өткізіп жатыр. СҚО штаттан тыс балалар және жасөспірімдер гинекологы Қуаныш Қойшығұлдың айтуынша, қазіргі уақытта балалар физикалық, психо-эмоциналдық жағынан ерте жетілетін болған. Сондықтан, бұл кездесулердің маңызы зор.

«Ерте жыныстық қатынасқа түсу, ерте жүктілік мәселесі бүгінде өзекті. 14 жастан бастап жыныстық қатынасқа түсетін балалар көп. Біздің мақсатымыз осындай кездесулер арқылы оның зардабы жайында айту. Оның біріншісі – жоспарланбаған жүктілік, салдары ретінде соңы өлімге әкелуі мүмкін криминалды жасанды түсікті айтуға болады.

Екіншісі – инфекциялық аурулар. Соңғы кезде балалар арасында оны анықтау көрсеткіші жоғары. Контрацепция қолданылмайды. Сондықтан мектептерді аралап, балалармен кездесіп, ақпарат бермекшіміз.

Бүгінде жігіттер 15 жастағы қызды 20-дағы бойжеткенмен шатастырып жатады. Ал оның салдары - ерте жүктілік, психологиялық қысым, суицид және криминалды түсік. Кездесулерде жас кезден сақтану керектігі жайында айтып жатырмыз», - дейді Қуаныш Қойшығұл.

Былтыр, өңір прокурорларының айтуынша, СҚО-да жасөспірімдерге қатысты 67 қылмыс тіркелді, 13 факті - балалардың жыныстық қол сұқпаушылығына қатысты. Ал 21-ін кәмелет жасына толмағандардың өздері жасаған.


Соңғы жаңалықтар