Петропавлда биыл 79 адам маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жыл басынан бері мас адамдардың қатысуымен 318 қылмыс жасалды. Полицейлердің айтуынша, олар негізінен отбасылық жанжал, бұзақылық, денсаулыққа зиян келтіру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, негізінен мас күйде жасалатын үй ішіндегі ұрыс-жанжал, бұзақылық, денсаулыққа зиян келтіру сияқты қылмыстардың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары жүйелі түрде қызмет көрсететін аумақтарындағы құқық бұзушылықтар жасауға бейім тұлғаларды тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Бұл жұмыстар қарашаның соңында басталған «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында күшейтілді. Іс-шараның басынан 30 адамға қатысты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол берген қорғау ұйғарымдары шығарылды.

Бірер күн бұрын Петропавл қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары Жамбыл ауданының Благовещенка ауылында орналасқан мәжбүрлеп емдеудің наркологиялық ұйымына маскүнемдіктен емделуге 10 адамды жіберді.

«Полиция қызметкерлеріне маскүнемдерді мәжбүрлеп емделуге жіберу үшін жақындарының өтініштері қажет. Тек содан кейін ғана қажетті құжаттар жиналады. Емдеу бірнеше айға созылады. Бұл маскүнемдікке салынған адамдар үшін дұрыс өмір сүруге оралудың бірден бір жолы», - дейді Петропавл қалалық ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.

Жалпы, жыл басынан петропавлдық полицейлер 79 адамды маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберді. Ал 11 айда облыс орталығында мас күйде жасалған 318 қылмыс тіркелді.


Соңғы жаңалықтар