Петропавлда биыл 5 млрд теңгеге жолдар жөнделмек

Автор:  
Ақерке Дәуренбекқызы

Петропавлда биыл 5 млрд теңгеге жолдар жөнделмек

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл әкімі Руслан Аңбаев тұрғындар алдында есеп берді. Қала әкімі негізгі мәселелерге тоқталып, олардың қалай шешілетіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы негізгі мәселелердің бірі – жол. Қар кетісімен асфальттің ой-шұңқыры шығып, кей көшелерде көлікпен жүру қиындық тудырған. Петропавл әкімі Руслан Аңбаев бұл проблемаға қанық. Есептік кездесуге жиналған халыққа бұл проблеманың биыл шешілетіндігін жеткізді.

«Өткен аптада облыс әкімі Айдарбек Сапаровпен бірге қаланы аралап, жолдардың жағдайын тексердік. Ашық айту қажет, жолдардың жағдайы – нашар. Мұны облыс әкімі де көрді. Қаңтар айында облыстық бюджеттен Петропавл жолдарын жөндеуге 4 млрд теңге бөлінген еді. Облыс әкімі 4 млрд-қа қосымша тағы 1 млрд теңге бөлуді қарастырып отыр.

Жөндеу жұмыстарын 18 көшеде жүргіземіз. Бірінші кезекте: Н.Назарбаев, Жабаев, Интернационал, Абай көшелерін қамтимыз. Биыл жер үй секторындағы жолдарға да назар аударамыз. Жұмысшы кентіндегі Украинская, Панфилов, Побелянский және Зоя Космодемьянская көшелерін жөндейміз.

5 млрд теңге – үлкен қаражат, қаламызға үлкен көмек», - деді қала әкімі.

Руслан Аңбаевтың айтуынша, аталған көшелер толық жөнделмей, тек проблемалы учаскелері ғана жөнге келтірілмек. Бұдан басқа шұңқырлар тегістеледі.

«Биыл үш автомобиль жолында жөндеу жұмысы жалғасады, олар: Жұмабаев көшесі, Пионер көшесінен Чкаловқа дейін; Сүтішевтен Петров көшесіне дейінгі аралықтағы Горький көшесі және Ибраевтан Малая көшесіне дейінгі Громовой көшесінің құрылысы. Бюджеттік тапсырыс берілді, қаражат бөлінісімен-ақ іске кірісеміз», - деді шаһар басшысы.

Қала әкімінің айтуынша, жол жабындысының сапасы ерекше бақылауға алынбақ. Қар толық еріп кеткеннен кейін 2021-2022 жылдары жөнделіп, тапсырылған жолдар толық зерттелмек.

«Мен өзім мамандармен бірге жүремін. Егер де олқылық анықталса, бірден кінәрат-қуыным жұмысын қолға аламыз», - деді Руслан Аңбаев.





Серіктестер жаңалықтары