Петропавлда биыл 1300 тал егіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда мамырдың соңына дейін көгалдандыру жұмыстары аяқталады. Қазір облыс орталығына үш түрлі гүл мен 5 түрлі ағаш отырғызылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, облыс орталығында гүл отырғызу жұмыстары 4 мамырдан басталды. Биыл 3 түрлі - шырайгүл, бозғалдақ пен барқытгүл егілмек. Гүлдер барлық саябақтарға, гүлзарларға, Қазақстан Конституциясы көшесінің бойына, Жеңіс саябағына және Пестрое көлінің маңына отырғызылмақ.

«Гүлдерді мамырдың соңына дейін егіп бітіру жоспарланған. Бұдан басқа қазір көгалдандыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Петропавлдың 35 көшесіне ағаш отырғызылады. Биыл қайың, қарағай, шырша, жөке, пирамида тәріздес терекке басымдық беріледі. Ағашты мамыр айының соңына дейін отырғызып болады», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Көшет отырғызу жұмыстары сәуір айында басталды. Биыл Петропавл көшелеріне 1300-ден астам ағаш және былтырғы жұмыстар жалғасын тауып, 14 мыңнан астам метрге бұта-терек отырғызылмақ.


Соңғы жаңалықтар