Петропавлда биыл 1,5 мың адам түнгі тыныштықты бұзғандарға шағымданған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл полицейлері түн тыныштығын бұзып, жұрттың мазасыз алғандарды тыныштандыру үшін биыл 1,5 мың рет шақыртуға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындардан түнгі шуға қатысты шақыртулар негізінен жалдамалы пәтерлерге қатысты түседі.

Петропавлдағы Е.Бөкетов көшесіндегі жалдамалы пәтер де - соның бірі. Маза кеткен үй тұрғындары айқай-шуға тоқтау салу үшін учаскелік полицейді бірнеше рет шақыртқан.

№4 учаскелік полиция пунктінің қызметкері Бақыт Дүйсембинов түн тыныштығын бұзғандармен күресу үшін оларды пәтерден шығарып жіберуге мәжбүр болған.

Осылайша бұл баспанада жыл басынан бері 15 рет тұрғын ауысыпты.

«Мәселе пәтер бюросының әкімгерімен әңгімелескеннен кейін шешілді. Ол пәтерді тек күндізгі уақытта сағат 8.00-ден 23.00-ге дейін жалға беру туралы шешім қабылдады. Содан бері тұрғындардың шағымданбағанына бір айдан астам уақыт өтті. Үй тұрғындары қазір алғыс айтып телефон шалады», - дейді учаскелік инспектор.

Бақыт Дүйсенбинов бұл полиция учаскесінде екі жылдай еңбек етіп жатыр. Осы аралықта білікті қызметкер тұрғындармен тіл табысып, байланыс орната білген.

Жалпы жыл басынан бері Петропавл аумағында полицейлер тыныштықты бұзу фактілері бойынша келіп түскен хабарламаларға 1439 рет ден қойған.

Әкімшілік заңнамамен жұмыс күндері сағат 22.00-ден 09.00-ге дейін, демалыс күндері сағат 23.00-ден 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынған.


Соңғы жаңалықтар