Петропавлда бірнеше күннен бері көмір жоқ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көмір тапшылығы туды, теміржол тұйықтарында тұрғындар «қара алтынды» іздеп сенделіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы теміржол тұйықтарында жүк көліктері жиналып қалған. Кейбір жүргізушілер күте-күте үйлеріне бос қайтып жатыр. Солардың бірі - Болат деген азамат. 20 адамнан көмірді түсіріп беруге тапсырыс алған ол облыс орталығындағы барлық көмір қоймаларын аралап шығыпты.

«Петропавлдағы барлық теміржол тұйықтарында көмір жоқ. Бұл жағдайға 4-5 күн болды. Осымен күн көріп отырған едім, бүгінгі күнім тағы да зая кетті», - дейді Петропавл тұрғыны.

Солтүстік Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңір қыс маусымында шамамен 400 мың тоннаға жуық қатты отын тұтынады. Облысқа «қара алтын» Екібастұз, Майкөбе, Қаражыра мен Шұбаркөл кен орындарынан жеткізіледі.

«391 мың тонна көмір қажет болса, соның 363 мыңы өңірге жетті. Бұл – 93 %. Қазір теміржол тұйықтарында 19 мың тонна көмір жатыр, оның 560 тоннасы Петропавлда. Қазір Петропавлға 490 тонна майкөбе, 280 тонна қаражыра келе жатыр. Әдетте қыркүйек-желтоқсан айларында қатты отынға сұраныс күрт артады. Сол себепті біз жаз бойы тұрғындарды көмірді ертерек алып қоюға шақырдық. Баға қымбаттаған жоқ, 8,7 мың мен 17 мың теңге аралығында саудаланып жатыр», - дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Ілиясов.


Соңғы жаңалықтар