Петропавлда бірнеше көлік пен адам тонады деген күдікпен екі ақмолалық ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бірнеше мүліктік қылмыс жасаған Ақмола облысының екі тұрғынын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы арыз полицияға тамыз айының соңында келіп түскен. Үйіне келе жатқан мас петропавлдықтан біреу қолындағы барсеткасы мен ұялы телефонын тартып әкеткен.

Бұл дерек «Тонау» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел уәкілдер жақын маңдағы камералардың жазбаларын, күмәнді тұлғаларды тексерді. Нәтижесінде күдікті екеу «Изумруд» саяжай қоғамындағы үйлердің бірінен ұсталды. Саяжайды тексеру кезінде магнитола, автоколонкалар, балық аулау құралдары, кілттер жиынтығы және зергерлерге арналған көзілдіріктер табылды.

Ақмола облысының 1989 және 1995 жылы туған тұрғындары заттарды қайдан алғандығы жайында жөнді жауап бере алмады. Олар ер адамға шабуыл жасап қана қоймай, көліктерді бұзып кіріп, тонап отырған.

Ұсталғандардың сөзіне қарағанда, олар Петропавлға нәпақа табу үшін келген. Алайда жұмыс іздеудің орнына ұрлықты кәсіп етіпті. Түнделетіп аулада дабылқаққышы жоқ көліктерді тонаған. Оңай «олжаны» өздері тұрып жатқан таныстарының саяжайына апарып отырған.

«Күдіктілердің осы уақытқа дейін үш көлікті тонағаны анықталды. Қазіргі уақытта ұрланған мүлік тәркіленді. Ұсталғандар тергеу изоляторында, тергеу әрекеттері жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы және 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - дейді Петропавлдағы Бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.


Соңғы жаңалықтар