Петропавлда бірнеше дүкенді тонаған қарақшылар ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бір күнде бірнеше шағын азық-түлік дүкендерін тонады деген күдікпен екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы азық-түлік дүкендерінің иелерінен бір күнде бір-біріне ұқсас сценарий бойынша жасалған ұрлық жөнінде үш арыз келіп түсті.

Медициналық маска таққан екі ер адам шағын азық-түлік дүкендеріне кіріп, пакетке азық-түлікті толтырып алған соң, біреуі сатушыны сөзге тартқан. Сол кезде екіншісі тауарды алып ізін суытып отырған. Дүкенде қалған сыбайласы сатушыға аяушылық танытып, тіпті сатушымен бірге ұрының соңынан қуа жүгірген сыңай білдірген.

Енді бір жағдайда олардың біреуі талап етілген жеке куәлігіне кеткен болып сыртқа шықса, екіншісі пакетті ала сала оның соңынан қашқан.

Сатушылар полицияға жүгініп, әлеуметтік желі арқылы дүкендердің біріндегі бейнекамераға түскен бейнежазбаны жариялады. Ұрылар маска таққан оларды ешкім танымайды деп ойлаған екен. Петропавл полицейлері бейнежазбаларды мұқият зерделеп, нәтижесінде ұрлыққа қатысы болуы мүмкін күдіктілерді анықтады. Олардың біреуі Жұмысшы кентінің 30 жастағы, бұрын сотталған тұрғыны болып шықты. Күдіктілер вокзал маңындағы пәтерден ұсталды.

Қазіргі уақытта «Ұрлық» және «Тонау» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілер үш фактіні де мойындады.


Соңғы жаңалықтар