Петропавлда бір түнде екі көлік ұрлаған жігіт ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 20 жастағы жігіт екі тұрғынның ашық қалдырған машинасын айдап әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі қылмыс та Петропавлдағы Береке ықшам ауданында жасалған. Таңертең көлігін орнынан таппаған тұрғындар бірден полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары үй-үйді аралап, көршілерден жауап алды, қылмыс орнынан жақын жерде орналасқан бақылау камераларын тексерді. Бейнежазбалардан қылмысты бір адамның жасағаны анықталды.

Көлік ұрлауға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен сол күні Петропавлдың 20 жастағы тұрғыны ұсталды. Ал автокөліктер Береке ауданының шетіндегі орманнан табылып, иелеріне қайтарылды.

«ВАЗ 2106 және Opel Vectra көліктері қолды болған. Полиция күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта екі факті де Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бабы бойынша енгізілді, тергеу жүргізілуде», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары Самат Тастан.

Ұсталған жігіт бұрын ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған. Сол түні мас болған. Қазіргі уақытта полицейлер күдіктінің ұқсас қылмыстарға қатысын тексеруде.

Айта кетейік, Береке ауданында айдап әкетілген екі автокөлік те құлыпталмай тұрған, не оталдыру құлпында кілті қалған.

Соңғы жаңалықтар