Петропавлда бір күнде 3 зейнеткер алаяқтардың құрбаны болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында 7 қыркүйек күні бірден үш зейнеткер белгісіз біреулерге алданып, жинаған ақшаларынан айрылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшыларына алаяқтарға жем болғандығы жөнінде Петропавлдың әртүрлі ауданынан үш тұрғын арызданған. Үшеуінде де қылмыскерлер бір жолмен ойларын іске асырыпты.

80 жастағы зейнеткерге бейтаныс әйел телефон соғып, сеніміне кіре сөйлескен. Әңгіме барысында одан Ресей Федерациясында туыстарының бар-жоқтығын білген. Оң жауап алғаннан кейін солардың өтініші бойынша хабарласып тұрғанын, туыстарына ақшалай көмек керек боп жатқанын, ал ақшаны ортақ таныстары әкететінін айтқан. Көп ұзамай келген ер адамға егде жастағы әйел 50 мың теңгесін ұстатып жіберіпті. Тек содан кейін шетелдегі туыстарына хабарласқан зейнеткер өзінің алаяқтарға жем болғанын білген.

«Алаяқтар үш жағдайда да егде жастағы әйелдерді таңдаған. Телефон арқылы бейтаныс келіншек олардың іші-бауырына кіре сөйлесіп, соңында ақша сұрап отырған. Зардап шеккен тағы бір әйелдің жасы 78-де. Ол жиған-терген 500 мың теңгесін беріп қойған. Ақшаны қарызға бердім деп ойлаған. Алаяқтар психологияны жақсы біледі. Қазір оларды ұстау мақсатында барлық іс-шараларды жасап жатырмыз. Петропавл қалалық полиция басқармасының жеке құрамы қылмысты ашуға жұмылдырылды»,- дейді СҚО полиция департаменті криминалды полиция басқармасының басшысы Петр Климов.

СҚО-да жыл басынан алаяқтыққа қатысты 307 факті тіркелсе, оның 174-інде іс сотқа дейін жетті.


Соңғы жаңалықтар