Петропавлда бір келіге жуық есірткі тасымалдаған жүргізуші ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жүргізуші куәлігі жоқ тұрғын көлікпен бір келіге жуық марихуананы тасымалдап ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына Петропавл тұрғынының есірткінің заңсыз айналымына қатысы барлығы туралы жедел ақпарат келіп түскен. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көлікпен келе жатқан 36 жастағы күдікті Петропавл орталығындағы дүкендердің бірінің маңында ұсталды.

«Автокөлікті тексеру кезінде оң жақ артқы отырғыштан пакет табылды. Оның ішінде өзіндік иісі бар өсімдік зат салынған 15 полиэтиленді түйіншек болған. Сот-химиялық сараптама оның марихуана екенін көрсетті. Жалпы салмағы - 994,40 гр», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Ұсталған бұған дейін көлікті басқару құқығынан айырылған екен, сондай-ақ оның көлікке қатысты құжаттары болмаған. Ер адам бұрын сотталмаған, марихуананы өзі қолданбақ екен.

Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бабы бойынша енгізілді.

Петропавл қалалық сотымен оған 85 мың теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарылды. Бұдан бөлек, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы» бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жеке өндіріске бөлінді. Салынған айыппұл мөлшері 139 мың теңгені құрады.

Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер заңсыз айналымнан 400 кг астам түрлі есірткі затын тәркіледі. Оның 350 кг астамы марихуана, ал 1 кг 690 грамы – синтетикалық есірткі, сондай-ақ 372 гр - героин.


Соңғы жаңалықтар