Петропавлда берілетін атаулы әлеуметтік көмек 276 млн теңгеге жетеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда биыл көпбалалы 692 отбасыға 276 млн теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында Петропавл қаласының қоғамдық кеңесінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Данияр Асылбеков мәлім етті. Облыс орталығында 4 және одан да көп баласы бар 1 158 отбасы тұрады. Қазір атаулы әлеуметтік көмекті тек 181 отбасы ғана алады екен.

«Әлеуметтік көмектің осы түрін беру талаптарының өзгеруіне байланысты оны алушылардың саны айтарлықтай артады. Яғни атаулы әлеуметті көмекті 692 отбасы алатын болады. Осы мақсатқа республикалық қазынадан 276 млн теңге бөлінбекші», - дейді Данияр Асылбеков.

Құжаттар сәуірдің бірінен қабылдана бастайды. Бөлім басшысынң айтуынша. қажетті мәлімет ақпараттық жүйеге енгізілмеген жағдайда ғана жұмыспен қамту орталықтары құжаттарды сұрататын болады. Жұмысты оңтайландыру мақсатында электронды әлеуметтік карталар жасалады. Оның ішіне отбасының қажеттілігін айқындайтын әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы туралы мәлімет енгізіледі.

Қоғамдық кеңес мүшелерін Петропавл қаласында қанша көпбалалы отбасының баспана кезегінде тұрғаны қызықтырды. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда 198 отбасы пәтерге мұқтаж. Жалпы, облыс бойынша 341 көпбалалы отбасыға баспана керек.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бұған дейін облыстағы баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасылардың жартсынан көбіне биыл баспана берілетіндігі жөнінде айтқан болатын. Осы мақсатта Петропавл қаласында 226 пәтерлік 3 тұрғын үй салынады.

Соңғы жаңалықтар