Петропавлда автобустар мен аялдамалар жаңартылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының қоғамдық кеңесінде қалаішілік бағыттағы автобустар мен аялдамалардың мәселесі көтерілді. Биыл олардың бірқатары жаңартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласында қазіргі уақытта 330 қоғамдық көлік жолаушы тасымалымен айналысады. Автобустар 24 бағыт бойынша жүреді. Алайда көліктердің көпшілігі ескірген. 330 техниканың 150-інің қолданысы жеті жылдан асып кеткен. Мамандардың айтуынша, облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің 75-і 3 жыл ішінде жаңаланбақ.

«Биыл қоғамдық көліктің 18-і жаңартылады деп жоспарланған. Келер жылы 28-і, ал 2021 жылы қосымша тағы 29-ы жаңасына ауыстырылады. Бұл - барлық көліктің 23 пайызы», - дейді Петропавл қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Досылан Босынов.

Бұдан басқа, аялдама павильондарын жаңарту да жоспарланған. Коммуналдық мекеме мамандарының айтуынша, облыс орталығында 362 аялдама бар. Әрқайсысының құны - орта есеппен 1 млн теңге шамасында. Биыл Петропавлда жоспар бойынша тағы 70 жаңа аялдама пайда болмақ.

Соңғы жаңалықтар