Петропавлда автобус пен манипулятор соқтығысып, екі бала ауруханаға жеткізілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бағыттық автобус пен манипулятор соқтығысып қалды, салдарынан қоғамдық көліктің екі жолаушысы зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін шамамен сағат 15.40 кезінде болған.

Пестрое көлінің маңында Қожаберген жырау көшесінде «Foton» манипуляторы мен «Yutong» бағыттық автобусы соқтығысып қалған.

Манипулятордың үстіндегі жүк көтергіші кузовқа бекітілмеген екен, салдарынан ол қозғалып кетіп, қоғамдық көліктің артқы жағын зақымдады.

Автобуста жолаушылар болған, жол-көлік оқиғасында 17 жастағы және 11 жастағы екі бала зардап шекті.

Олар бірден медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің көмегінен кейін үйлеріне жіберілді.

Медициналық сараптама екі жүргізушінің де спирттік ішімдік ішпегенін көрсетті.

Полицейлердің айтуынша, қазіргі уақытта осы дерекке қатысты материал жиналып жатыр, кейін ол процессуалдық шешім қабылдануы үшін Петропавл қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөліміне жіберіледі.

Бұған дейін СҚО-дағы әрбір төртінші жол-көлік апатында жаяу жүргіншілердің зардап шегетінін айтқан едік. Биыл өңірде 200-ге жуық жол апаты болды, 5 адам қаза тауып, 45-і жарақаттанды.


Соңғы жаңалықтар