Петропавлда аутист балаларға мерекелік шара ұйымдастырылды
Бұл күні аутист балақайлар сүйікті ертегі кейіпкерлерімен суретке түсуге, сондай-ақ каркасты ваакумды кинотеатрда мультфильмдер тамашалауға мүмкіндік алды. Мерекеге Есмұқан Жәкен де келіпті. 13-тегі жасөспірім үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Анасы Әлияның айтуынша, баласының сырқаты туралы нәрестенің 4 айлығында естіген.
«Мұндай балалар ерекше күтімді қажет етеді. Мойымау керек. Осындай іс-шаралардың жиі өткізілгенін қалаймыз. Бүгін барлығы бізге қатты ұнады. Психотерапияға қатыстық, фильм тамашаладық. Балаларымызға осылайша назар аударып, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Әлия Жәкен.
Облыстық білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылып отырған іс-шараның мақсаты - ерекше күтімді талап ететін жандарға барынша қолдау көрсету.
«Біз бұл іс-шараны аутизм мәселелері бар балаларды мәдени іс-шараларға тарту мақсатында, оларды әлеуметтік-қоғамдық өмірге бейімдеу және олар басқа балдырғандармен араласуы үшін өткізудеміз. Оқушылар сарайында осы балақайларға арнап бірнеше мерекелік және спорттық іс-шара әзірледік», - дейді облыстық Білім басқармасының бас маманы Наталья Сербина.
Мамандардың айтуынша, 4 сәуірде таңғы сағат 10:00-де Петропавлдағы Cinema Park кинотеатрында тегін мультфильм көрсетілімі болады. Сағат 15:00-де Спорт сарайында коньки тебуге мүмкіндік бар. 5 сәуірде таңертең Kids Fun көңіл көтеру кешенінде балалар ойын ойнаса, сағат 14:00-де Қуыршақ театрында спектакль көре алады. Сондай-ақ түстен кейін көпсалалы облыстық балалар ауруханасы «ашық есік күнін» өткізеді. 6 сәуірде сағат 12:00-де Спорт сарайы бұл балдырғандарды тегін коньки тебуге шақырады.